Баскілер (баск Euskaldunak, ис. Vascos, фр. Basques) — Испанияның Наварра, Гипаскоа, Бискайя, Алава провинцияларында, Франциядағы Төменгі Пиреней департаментінде тұратын халық. Саны 1,09 млн-ға жуық. Испанияда (820 мың), Францияда (140 мың), 180 мыңдайы Аргентина, Бразилия, Мексикада тұрады.
Тілі
Үлкен Еуропа нәсіліне жатады. Испан, француз, баск тілдерінде (заң жүзінде қабылданған) сөйлейді. Жазуы латын әліпбиіне негізделген.
Діні
Дінге сенушілердің көбі — католиктер.
Тарихы
Басклердің арғы тектері — васкон, вардул, каристи тайпалары. Орта ғасырларда солтүстік бөлігі Франция, оңтүстігіндегілер Кастилия ықпалында болғанымен, өздерінің әдет-ғұрпын, дәстүрін, тілін, мәдениетін сақтап қалды. 1940 — 1950 жылдары елде испандандыру саясаты жүргізілуіне байланысты халықтың тек 20 — 25%-і ғана ана тілінде сөйледі. 1960 — 1970 жылдары ана тілінде мектептер ашылды, Испанияда Наварра автономиясы құрылды.
Кәсібі
Негізгі кәсібі — мал шаруашылығы және жүзім өсіру. Үйлер екі-үш қабатты, жартылай немесе түгелімен тастан салынған, балконды, электрленген, төбесі шифермен жабылған.
Мәдениеті
Қоныстарына байланысты ұлттық киім үлгілері де әр түрлі. Наваррада әйелдер алтын, күміс жіптермен тігілген қысқа қара күртеше, көгілдір көйлек киіп, мойындарына алтын, күміс алқа-моншақтар, бастарына жібек бант тағады. Қыздары жеңі кең ақ көйлектің сыртынан қынама белтартқыш киеді. Ер адамдары балағы тізелікке жететін қысқа қара шалбар, күміс түймелі күртеше, қысқа жүн шұлық, былғарыдан тігілген кебіс, бастарына қалпақ, берет киеді. Ұлттық биі (флейта, барабанның көмегімен) мен суырып салма ақындар айтысы жақсы дамыған.
Дереккөздер
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |